Бұл туралы Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
25 қазан - Республика күніне орай №1 Атырау облыстық ауруханасында салтанатты шара өтті.
Аталған шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев және медицина қызметкерлері қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары медицина қызметкерлерін мерекемен құттықтап, тәжірибе мен білімдерін ұлт саулығына арнаған мамандарды «Еңбек ардагері» медалі, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапаттады.
Сонымен қатар, 15 қазан күні Жайық өзеніне бата жаздаған баланы құтқарып, көзсіз ерлік танытқаны үшін Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Камзин Мұрат Мәлікұлы Атырау облысы әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев медицина саласындағы соңғы жаңалықтар мен жетістіктерді де атап өтті.
- Құрметті әріптестер, баршаңызды Республика күнімен құттықтаймын! Осы уақыт аралығында Денсаулық сақтау басқармасының жеткен жетістіктері аз емес. Бүгінде басқармаға қарасты 114 нысан бар. Оның ішінде барлық ұйымдар жаңа техникаларға сай жасақталып, интернет желісімен қамтылған. Денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық құжаттаманы цифрлық жүргізуді іске асыру бойынша бірнеше жұмыстар атқарылды. Осы серпінмен тоқтап қалмай, мамандар да кәсіби біліктілерін арттыруда, - деді А. Байдуәлиев.