Атырау облыстық балалар ауруханасында Ресейден келген дәрігер Юрий Юрьевич Соколов жергілікті хирургтар үшін шеберлік сабағын өткізіп, соның негізінде бес балаға ота жасады, деп хабарлайды AtyrauPress.
Шеберлік сабақтары «Сәби» қайырымдылық қорының «Шұғыл балалар хирургиясы» атты жобасы аясында ұйымдастырылды. Үш күн бойы балалар хирургы, академик С.Я. Долецкий атындағы «Ресей медициналық үздіксіз кәсіптік білім беру» академиясының балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі, профессор, медицина ғылымдарының докторы Юрий Соколов облыстық балалар ауруханасында ота жасап, жергілікті дәрігерлерді де үйретіп жатыр.
«Мен үш жыл бұрын Ресейде алғашқы болып балаларға роботтың көмегімен ота жасадым. Қазақстанда да осы тәсілмен ота жасауды ертелі-кеш бастайды. Біз бұл жолы күрделі оталарды жасап, жергілікті хирургтерге де үйреттік. Өзіміз де үйреніп жатырмыз. Мәселен, Ақтау қаласында үлкен эхинококк кистасы бар екі балаға операция жасадық. Бұл Ресейде сирек кездесетін дерт болғандықтан, өзіме де түртіп алар тұстары болды. Ал Атырауда екі күннен бері науқастардың ішек және өт жолдарына ота жасалды. Балалардың жағдайы тұрақты», - дейді Ю.Соколов.
Облыстық балалар ауруханасының директоры Нұрқабыл Айтмұхамбетовтың айтуынша, «Сәби» қайырымдылық қорының көмегімен ота бөліміне жөндеу жүргізіліп, жаңа медициналық құрал-жабдықтар сатып алынған.
«Ота бөлімін жөндеп, жабдықтар алуға бас-аяғы 600 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Енді «Сәби» қоры қайырымдылықтың жалғасы ретінде атыраулық хирургтарға шеберлік сабақтарын өту үшін Ресейден дәрігер шақыртып отыр. Алдағы уақытта да білім жетілдіру іс-шаралары жалғасын табады», - деді Нұрқабыл Айтмұхамбетов.
Эльмира Мықтыбаева