Атырауда референдумға үлес қосқан азаматтар марапатталды

Бүгін Атырау қаласындағы Н. Жантөрин атындағы филармонияда жалпыхалықтық референдум қорытындысы бойынша марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы шара барысында белгілі болды. Салтанатты жиында Атырау облыстық мәслихатының төрағасы Муса Хайруллиев және «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бейбіт Мырзағалиев құттықтау сөз сөйлеп, республикалық референдумды ұйымдастыруға және өткізуге белсенді қатысқан коалиция өкілдері мен партия белсенділеріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атынан Алғысхаттар табыстады.

Марапат иелері ел үшін маңызды саяси науқан кезінде жоғары азаматтық жауапкершілік танытып, жаңа Конституцияны қабылдау ісіне және референдумның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан азаматтар екені атап өтілді.

Айта кетейік — шара барысында референдумның елдің саяси жаңғыруындағы рөлі мен қоғамдағы белсенді азаматтық ұстанымның маңыздылығы кеңінен айтылды. Өңірлік коалиция аясында жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрғындардың саяси науқанға қатысу деңгейін арттыруға ықпал еткен.

Сонымен қатар, осындай марапаттау рәсімдері аудан орталықтарында да ұйымдастырылып, коалиция өкілдерінің еңбегі бағаланды.