Атырауда Ата Заңға енгізілетін жаңа өзгерістер бойынша ақпараттық-насихаттық жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде, деп хабарлайды ATPress.kz. Бұл туралы Атырау облысы бойынша референдумды қолдау жөніндегі штаб төрайымы Гүлзада Шакуликова Атырау қаласында өткен жалпыұлттық референдумды қоғамдық қолдау республикалық штабының өңіраралық отырысында баяндады.
– Өңірлік штаб құрамына 25 адам тіркелген. Олар – облысқа белгілі қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері, саясаттанушылар, үкіметтік емес ұйым өкілдері, журналистер мен танымал блогерлер. Референдумды қолдау бағытында аймақта барлығы 182 іс-шара жоспарланса, соның бүгінге дейін 130-ы өткізілді. Атап айтқанда, жеті ауданда 50 кездесу ұйымдастырылды, деді ол. Штаб төрайымының айтуынша, «Атырау-Жарық», «ИнтергазЦентральная Азия», «Қазақтелеком» филиалы, «Атырау-Ақпарат», «Ембімұнайгаз», «Атырау мұнай өңдеу зауыты, «ҚайнарМұнайГаз» және басқа да компания ұжымдарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Сол сияқты, референдум маңыздылығы жөнінде еліміздің Парламент Мәжілісінің депутаттарының қатысуымен алыс елдімекен тұрғындарына да ақпараттық шаралар қолға алынды.
- Бұдан бөлек, Атырау политехникалық колледжі, «APEC Petrotechnic», Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде білім алып жатқан жастармен де кездесулер өтті. Ардагерлер мен ақсақалдар кеңесі, «Атырау облысы бойынша Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» мүшелерінің қатысуымен жиындар өткізілді. Конституцияға енгізілетін өзгерістер бойынша «FunTime» атты жастар арасында пікірсайыс ұйымдастырылды. Штаб мүшелерінің қатысуымен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Жастар арасында #менреферендумғақатысамын атты челлендж бастау алды. Әлеуметтік желіде жүздеген жазбалар жарияланды. Сонымен қатар, халық көп шоғырланған қоғамдық көлік, сауда орындарында дыбыстық хабарландырулар таратылуда. Мәдени-көпшілік спорттық шаралар өтіп жатыр. Сайып келгенде, халықтың референудм өткізуге деген оң көзқарасын байқауға болады. Азаматтардың саяси сауаттылығы мен белсенділігі артқаны анық көрініп тұр. Әлеуметтік желіде позитивті жазбалар көптеп кездеседі. Аталған шаралар құр өткізіліп қана қоймай, халық тарыпынан айтылған нақты ұсыныс-пікірлер жинақталып, талдау жасалды, - деді Г.Тәңірбергенқызы.
Айта кетейік, Атырау қаласында жалпыұлттық референдумды қоғамдық қолдау республикалық штабының өңіраралық отырысы өткен болатын.