Атырауда мамандар қымбатшылық дәлелденгенде ғана тексеріс жүргізілетінін айтады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жасыратын не бар, киім-кешек пен тұрмыстық заттар қымбаттаса, қалың бұқара амалын тауып, күнін көретіні сөзсіз. Бірақ, тамақтың жөні бөлек қой. Ал, қарны ашқан адам қандай әрекетке де барады. Үкіметтің ең бірінші кезекте тұтынылатын 19 түрлі азық-түліктің тізімін айқындап, бағасын бақылауға алуы да сондықтан. Бірақ, қағаздағы көрсеткішке қарағанда, базардағы азық-түлік бағасы орта есеппен 20 пайызға қымбат. Бұл – Атыраудағы жыл басынан бергі анық жағдай. Сонда атқарушы органдар тарапынан алынып жатқан шаралар қайда?
– «Ауруын жасырған өледі» демекші, біз де бағаның өскенін жасырмаймыз. Сәйкесінше, онымен күресті де күшейттік. Уақыт бізге қымбатшылықпен емес, оның себебімен күресуді үйретіп отыр. Мәселен, маусымаралық кезеңде, әсіресе, жаз бен күзде көкөніс қымбаттап кетеді. Себебі, олар көршілес өңірлер мен өзге елдерден тасылады. Сондықтан, тасымалдау мен сақтау шығындары қосылып тұр. Бірақ, баға өсімі бойынша Атырау облысы 16-шы орында. Демек, айтарлықтай өсім жоқ деген сөз, – дейді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасындағы мамандар.
Егер Атыраудың ірі өнеркәсіптік әрі инвестициялық өңір екенін ескерсек, маман сөзінің жаны бар. Яғни, мұнда мұнайдан басқасы басқа жерден жеткізіледі деуге болады. Атап айтқанда, сәбіз, картоп, қырыққабат, пияз секілді көкөністер – импорттық өнімдер. Ал, ондай тауарға міндетті түрде инфляция мен геосаяси жағдайдың едәуір әсер ететіні сөзсіз.
– Талап бойынша, тауар бағасының үстемеақысы 15 пайыздан аспауы тиіс. Мұны елемегендер уәкілетті орган арқылы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 204-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Ал, бағаның негізсіз өсуіне байланысты арызданатын азаматтар көп болғанмен, олардың қолында чек пен дүкеннің мекен-жайын арызға тіркеген дәлелі жоқ. Мұны нақты көрсеткендер саны – небары 11 ғана. Біз соның негізінде ғана жұмыс жасаймыз. Міне, «биыл айтарлықтай баға өсімі жоқ» деуімнің себебі де осы. Сондай-ақ, дәлелсіз шағымдарға сүйеніп, кәсіпкерді тексеру де заңсыз болып саналады, – дейді мамандар.
Фото: ашық дереккөз