Атырауда қымбат үйлер сапасыз болып шықты

Атырауда «элиталық» үйлердің сапасыз салынғаны анықталып отыр, деп хабарлайды AtyrauPress Caspian News телеарнасына сілтеме жасап.

«Жайык РИВЕРСАЙТ» тұрғын үй кешенінің халқы сатып алған баспаналарының сапасына риза емес. Олардың сөзінше, элиталық деп сатып алған үйдің аты затына сай болмай тұр. Былтыр қыста көшіп келгендер автотұраққа әлі күнге дейін көліктерін қоя алмай жүргенін айтады. Себебі жаңбыр жауса төбесінен су тамшылайды. Ылғалдан негізгі қабырғаларда көгеріп жатқан көрінеді.

Бұл туралы Caspian News телеарнасы хабарлады. Тұрғындарды кешендегі қауіпсіздік жағы да алаңдатады. Мысалы сыртқы есік сынып қалғандықтан, кім көрінген кіріп-шығып жүре береді. Домофон, бейнебақылау камералары да атымен жоқ. Айта берсе, кемшілік таусылмайды дейді олар.

Кешеннің құрылысын жүргізген компания өкілдері тұрғындарға 3 жылға дейін кепілдік берілгенін айтады. Осы уақыт аралығында тұрғындардың барлық проблемасы бірте-бірте шешілмек. Ал, паркингке қатысты мәселе өз алдына бөлек әңгіме.

Аталған кешенде 113 пәтер бар. Әзірге оның тек 30% тұрғындар өмір сүріп жатыр.