Бүгін №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде азаматтық қорғау органдарының 27 жылдығына және құтқарушылардың кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жиынға Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы Болат Исақов, жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен ардагерлері қатысты. Іс-шарада облыс әкімі аппаратының басшысы Болат Исақов төтенше жағдай қызметкерлерін кәсіби төл мерекесімен құттықтады.
- Қиын да қауіпті қызметтің салмағын алып жүрген сіздерге үлкен ризашылығымды білдіремін. Төтенше жағдайлар қызметкерлеріне көптеген міндеттер жүктеледі. Бүгінде департамент қызметкерлері түрлі апатпен күресіп адам өмірін қорғап жүр. Осындай жүйенің құрылуына ардагерлеріміздің қосқан үлесі мен сіңірген еңбектері өлшеусіз. Осы орайда сала ардагерлеріне зор алғысымды білдіремін. Құрметті құтқарушылар қиындығы мол, мәртебесі биік қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақыт тілеймін, - деді Б.Исаков.
Іс-шарада құтқарушылар Атырау облысы және қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Ұлдары мен қыздары құтқарушы болып жұмыс істейтін аналарға «Аналарға мың тағзым» медалі, сонымен қатар жұбайларына «Офицердің жұбайы» медалі табысталды.