"Атырауда құрт көбелектер көбеюде". Облыс әкімі орынбасарына тапсырма берді

Атырау облысының кей аудандарында құрт көбелектердің көбеюінен егін аймақтарына зиян келуде, деп хабарлайды ATPress.kz.

Осыған байланысты облыс әкімі Серік Шапкенов салаға жауапты орынбасарына нақты тапсырма берді. Ол туралы әкім әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

 "Махамбет, Индер аудандары мен қала маңындағы шаруалардың жерлеріне құрт көбелектердің қаптап түсіп, егін аймақтарына зиян келтіру жағдайы орын алуда. Осыған байланысты салаға жауапты орынбасарыма нақты тапсырма бердім. Төтенше жағдайдың алдын алу бойынша аудандарда жедел жұмыстарды ұйымдастырып, улау жұмыстарын жүргізетін мекеме мен арнайы мамандар шақыру қажет. Олар тез арада жұмысқа кірісуі тиіс. Сәйкесінше жауапты басшылар халықты, шаруаларды ұйымдастыру жұмыстары туралы ақпаратпен қамтамасыз етуі қажет. Бұл мәселе бақылауымда" делінген жазбада.