Атырауда Құрбан айт мерекесінде сақтық шаралары күшейтілді

Бұл туралы облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Айкөркем Нұрғалиева мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Өңірде COVID-19 коронавирустық инфекциясы таралуының алдын алу мақсатында, сондай-ақ Құрбан айт мерекесі кезеңінде 9-11 шілдеде аймақ тұрғындары арасында жаппай тамақтан улануды және жіті ішек инфекцияларының таралуына жол бермеу мақсатында жаңа қаулы бекітілді.


-Қаулы негізінде құрбандық шалуға жергілікті атқарушы органдар айқындаған орындарда ғана мал союды ұйымдастыру міндеттелді. Сондай-ақ, халық арасында Құрбан айт мерекесін өткізу кезінде санитарлық талаптарды сақтау үшін түсіндірме жұмыстары да жүргізілуде, деді А.Нұрғалиева.  


Айта кетейік, облыс тұрғындары мереке күндері құрбандықты Qurban2022.kz сайтына өтінім беру арқылы онлайн режимде ұйымдастыру мүмкіндігі бар.