Атырауда құны 20 млн теңге тұратын гүлді сағат істен шыққан

Гүлмен өрнектелген сағат 2014 жылы орнатылып, жыл сайын оларды күтіп ұстауға бюджеттен 8 миллион теңге бөлініп келді. Ал 2021 жылы ол істен шықты, деп хабарлайды ATPress.kz.

Гүл сағаты 2014 жылы әуежайдан шыққан кезде қалаға кіре берістегі тас жолда пайда болып,  бірден мұнайлы астананың көрнекті орнына айналды. Бұл мақсатқа облыс орталығын абаттандыру аясында 20 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінді. Оның механизмі  Украинадан сатып алыған. Бұл металл конструкцияның негізі бетоннан жасалған. Сондай-ақ, сағат GPS спутниктік навигация жүйесіне кіреді. Сағаттың салмағы ауыр - шамамен 150 кг, тек бір минутты көрсететін тілінің ұзындығы 2,8 метр (сағатты көрсететін тілі - 2,4 метр), әрқайсысының салмағы шамамен 30 килограмм. Ол бір кездері 700 дана жасанды гүлмен безендірілгендіктен, өте әдемі болып көрінетін.

«Құрылыс басталғаннан бері 2018 жылды қоса есептегенде гүл сағатын күтіп ұстауға бюджеттен жыл сайын 8 млн теңге бөлінді. Сағат 2021 жылдан бері істен шықты. Оны қалпына келтіру үшін электр сымдарын, бұрау механизмін, циферблаттарды, орталық қорапты және басқа да саймандарын жөндеу қажет. Толық техникалық тексеруден өткен соң бюджеттен қаражат сұралады. Ағымдағы жыл ішінде осы мақсаттарға қаражат бөлініп, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады. Сағат қаланың сәулет келбеті элементтерінің бірі болғандықтан, демонтаж жасалмайды», - деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

 

Аударған:  Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Фото: автор