Атырауда қолөнер шеберлерінің орталығы ашылды

Атыраулық шеберлер енді өз қолымен жасаған бұйымдарын орталыққа әкеліп, саудалай алады. Бұл игі іс Атырау облыстық қолөнершілер қауымдастығының қолдауымен жүзеге асып отыр.

Қазір жергілікті шеберлер «Өнерпаз» сауда үйінен бутик жалға алып, жұмысын бастады. Онда саусағынан өнер тамған 15  шебер бұйымдарын әкеп қойды. Орталықтың ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов қатысып, жылы лебізін білдірді.

Атырау облыстық қолөнершілер қауымдастығының төрайымы Маржангүл Қалиеваның айтуынша, бұл орталықта ата-бабадан мұра болып қалған қолөнер әрі қарай дамытылып,  ел арасында паш етіледі.  

- Бұл орталықты ашудағы мақсатымыз – қолөнер бұйымдарын сату және оны жасайтын шеберлермен таныстыру. Осыған дейін қолөнершілер өз бұйымдарын  түрлі көрмелерде ғана сатуға мүмкіндіктері бар еді. Ал енді қолөнер туындыларын бір жерге топтастырып, тұрақты түрде сатуды жөн көрдік. Сонымен қатар, ата-бабамыздан қалған дәстүрді жаңғыртып қана қоймай, оны халыққа кеңінен насихаттағымыз келеді. Яғни халық мұнда әдеттегідей қолөнер бұйымдарын көру үшін емес, керісінше өзіне ұнаған бұйымды сатып алу үшін келуге үйрету, - дейді М.Қалиева.

Мұнда қыз жасауы, құрақ көрпелердің алуан түрі, қажекейлер, тақиялар, гобелен, домбыра, былғарыдан тігілген сөмкелер, шидан тоқылған картиналар, моншақ пен сабыннан жасалған басқа да бұйымдарды сатып алуға болады.

Шеберлер жасаған бұйымдардың бағасы қолжетімді. Болашақта шеберлер қатары артқан сайын бұл орталық та кеңейе түспек. Ал алдағы уақытта қолы епті және үйренуге қызығушылық танытқан жастарды да өнерге баулу жоспарда бар.