Бұл туралы Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Бүгін Абай орталығында «URPAQ» Қазақстан қолөнер академиясының ұйымдастыруымен «Qol Оner Dauysi-2022» облыстық фестивалінің бірінші кезеңі өтті. Оған қала, ауданнан 18 бен 60 жас аралығындағы 300-ге жуық ең үздік қолөнер шеберлері қатысты.
Облыстық фестивальдің ашылу салтанатына Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи қатысып, қазақтың төл өнерін дәріптеп жүрген қолөнер шеберлеріне сәттілік тіледі.
Облыстық «Qol Оner Dauysi-2022» фестиваліне «URPAQ» Қазақстан қолөнер академиясының құрылтайшысы Нұрберген Дәулетов, «Сенімен болашақ» РҚБ құрылтайшысы Нүркен Асанов, «URPAQ» Қазақстан қолөнер академиясының директоры Аяжан Алпатанова, «Сенімен болашақ» РҚБ АОФ басшысы Гүлфия Жәрдемова, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, тері, былғары, ағаш өнімдерінің қолөнер шебері Кеңес Айыпқалиев, Халықаралық Колөнершілер одағының мүшесі, «Ұлт абыройы» төсбелгісінің иегері Салтанат Елеусінова, «Тігін бұйымдарын өңдеу технологиясы» пәнінің мұғалімі Жанар Дұрашева қазылық етті.
Олар «ағаштан жасалған бұйымдар», «табиғи былғарыдан жасалған бұйымдар», «тоқу өнімдері», «киізден жасалған бұйымдар», «тігін өнімдері», «сурет салу өнері», «мобилография өнері», «графикалық дизайн өнері» мен «тоқыма және кесте өнері» номинациясы бойынша қазылық етті.
Фестиваль көрмесіне ағаштан, табиғи былғарыдан және киізден жасалған бұйымдар, ұлттық киімдер, тұрмыстық заттар, мүсіндер мен картиналар сынды өзге де бұйымдар қойылды. Қала тұрғындары байқау көрмесіне қойылған туындыларды аралап, ұнатқан тауарын сатып алды.
Фестивальдің нәтижесінде 4-18 және 18-60 жас аралығындағы әр номинация бойынша төрт жеңімпаз анықталып, барлығы 72 қолөнер шебері қараша айында өтетін облыстық байқаудың екінші кезеңіне жолдама алды.