Атырауда қайтарымсыз мемлекеттік грантқа өтінім қабылдаудың үшінші легі басталды

Бұл туралы Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттарға өтінімдер қабылдау 9 қыркүйекке дейін жалғасады деп мәлім етті облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиева.

 Грант көлемі 400 айлық есептік көрсеткішті, яғни 1225200 теңгені құрайды.

Грантқа үміткерлер «Business.enbek.kz» порталына кіріп, электрондық цифрлық қолтаңба арқылы онлайн режимде өтінім бере алады.

Ол үшін әр қатысушы порталға тіркеліп, грант алу шарттарына сәйкестігін анықтап алады. Ары қарай бизнес-жоспар үлгісін жүктеп, кейін порталға енгізеді. Содан соң өтініш нысанын толтырып, электронды цифрлық қолтаңбасымен қол қоюы тиіс. Өтінім берушілер мүгедектігі бар адамдар, қолданыстағы «қандас» мәртебесі барлар, өңіраралық қоныс аударушылардың аз қамтылған отбасы мүшелері, көпбалалы отбасының мүшесі, яғни жұбайы не зайыбы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар, жастар секілді әлеуметтік санаттардан болуы керек.

- Сондай-ақ үміткерлердің «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы керек. Грант алуға өтінімдерді қабылдау «Business.enbek.kz» порталы арқылы жүзеге асырылады. Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда халықты жұмыспен қамту орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады, деді Г.Аманғалиева.

Айта кетейік, мемлекеттік гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге және жылжымайтын мүлік сатып алуға, сондай-ақ жер учаскелерін сатып алуға, үй салуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.