Атырау облысында есірткі сақтап, сатпақ болған тұрғын сотталды, деп хабарлайды Atpress.kz тілшісі.
Бұл туралы біз облыстық полиция департаментінен білдік. Полицейлер анықтағандай, ұсталған қала тұрғыны синтетикалық есірткі затын сақтап, сату арқылы ақша табуды жоспарлаған. 44 жастағы азамат барынша пайда табамын деп шешіп, психотроптық есірткі затын таратудың толық процесін ұйымдастырған. Ұсталған кезде есірткі сатушыдан сот-химия сараптамасының қорытындысына сәйкес, зерттеуге ұсынылған ақ ұнтақ заттың мефедрон екенін анықталды. Зиянды психотроптық заттың кішкентай қапшығын 25 мың теңгеге бағалаған сатушыға қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 297-бабы 1-бөлімі бойынша іс қозғалып, жасаған қылмысы үшін ендігі уақытын түзеу мекемесінде 6 жыл 6 ай өтейтін болады.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында синтетикалық есірткіні тұтынудың артуы – ұлт денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін атап өтті. Қазіргі уақытта полицейлер есірткі қылмысының алдын алу және оған қарсы күрес бойынша бар күш-жігерін салуда. Осы орайда, полиция департаменті аса қауіпті әлеуметтік аурудың ауқымын ескере отырып, синтетикалық есірткілерді өндіру мен таратуға қарсы күрес жалпыұлттық сипатқа ие болуға тиіс керектігін және есірткіге байланысты құқық бұзушылық жасағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескерте отырып, халықты салауатты өмір салтын ұстануға және зиянды әдеттерден бас тартуға шақырады» дейді департамент мамандары.
Айта кетейік, қазір есірткі сатумен айналысатындарды ұрып-соғып жатқан видеолар әлеуметтік желіде көптеп таралуда.