Қазір ол облыстық аурухананың нейро-инсульт орталығында ем алып жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress.
74 жастағы атыраулық Күләш Багитқызы Ахметованың адам шошырлық жағдайда өмір сүріп, қараусыз қалғаны жайлы видео әлеуметтік желіде тарады. Қоғам белсенділері түсірген видеода кейуананың үйі лас қораға айналған. Қарттың кір төсекте жатқанынан неше уақыт болғаны тағы белгісіз. Видеоны түсіргендердің айтуынша, үйдің ішінде тыныс алып болмайды. Жаман иіс қолқаны қабады. Ең сорақысы, осындай жағдайға жеткізген қартпен бірге оның баласы тұрады.
Қазір Күләш Ахметова облыстық аурухананың нейро-инсульт орталығында ем алып жатыр. Дәрігерлер оның жағдайы нашар деп отыр. Нейро-инсульт орталығының меңгерушісі Марта Исмаилова кейуана ауруханаға қайталанбалы инсульт деген диагнозбен түскен.
- Науқасты жуындырып, тамағын беріп және қажетті ем жасадық. Жағдайы ауыр. Енді оны 3 тәулік бойы бақылап, нақты диагноз қоятын боламыз. Денесінде күйіктің, тілінудің іздеріне ұқсайтын белгілер бар. Ешқандай күтіп-баптаусыз жатқан. Егер инсульт диагнозы анықталмаса, онда оны медбикелер күітімі бөліміне ауыстырамыз, - деді М.Смаилова.
Қарт ана I топ мүгедегі. Артериалды гипертония, қант диабеті диагнозымен 2012 жылдан бері есепте тұрады. Ал 2016 жылдан бері «Д» есебінде тұр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің айтуынша, науқас уақытылы сырқатына орай, үй жағдайында күндізгі стационар ұйымдастырылып, ем-шараларын жылына 2 мәрте алып турады. Соңғы үй жағдайындағы ем алтыншы шілдеде алынған. Тегін дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтылады. Дәрі-дәрмектері үйіне учаскелік медбике және емхана әлеуметтік қызметкері жеткізіп береді.
Науқасты шағымдары бойынша үйіне терапевт келіп қарайды. Соңғы рет 14 қазанда көзінің қызаруына байланыст ем тағайындалыпты.
Осы ретте Атырау қалалық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Анар Жеңісқызының айтуынша, қарттың жағдайынан хабардар.
- Ол кісінің ұлы мен қызы бар. Ұлы Әнуарбек Миралиев – заңгер. Соның қарауында. Арнайы күтіп баққаны үшін жәрдемақысын, басқа да тиісті көмекті алып отыр. Түсірілім кезінде мүгедектігі бар азаматтармен жұмысқа жетекшілік ететін бөлім басшысының орынбасарының уақытша міндетін атқарушы А.Қанатқалиева мен сол аудандағы жалғызілікті зейнеткерлер мен мүгедектерге үйден қызмет көрсететін бөлімше меңгерушісі М. Гусманова барып қолданыстағы заңдылықтар негізінде түсінік берді. Азаматша К.Ахметова ауруханадан шыққаннан кейін ішкі істер басқармасының қорытындысы негізінде шешім қабылданатын болады, - деді Анар Жеңісқызы.
Ал облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі қарт анаға қатысты экспертиза жүргізілетінін хабарлады.
Ем алған соң кейуананың үйіне оралатыны не қарттар үйіне баратыны әзірге белгісіз.
Фото Л.Максутованың ФБ парақшасынан алынды.