Атырауда қараусыз малдың кесірінен 28 жол апаты болған

Жыл басынан бері Атырау облысы аумағында малды бағу және жаю қағидаларын бұзған 322 дерек тіркелді, деп хабарлайды ATPress.kz.

Жол жиегінде қараусыз жүрген мал салдарынан жыл басынан бері 28 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Облыстық полиция департаменті малды қараусыз жібермеу қоғам болып қолға алатын мәселеге айналғанын айтады. Өйткені, автокөлік және темір жолдар бойында көлік құралдарының жануарлармен соқтығысуы, соның салдарынан адам мен мал шығыны, көлік құралдарының бүлінуі орын алып отыр.

Мейірім  ЕРДӘУЛЕТ, облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы:

Облысымызда ауыл шаруашылығы жануарларын асырау, ұстау, бағу жəне оларды уақытында бірдейлендіріп отыру маңызды да, өзекті мəселелердің біріне айналып отыр. Біріншіден, қазіргі уақытта өкінішке орай, автокөлік жолдары мен темір жолдар бойында көлік құралдарының жануарлармен соқтығысуы, соның салдарынан адам мен мал шығыны, көлік құралдарының бүлінуі орын алып отырғандығы жасырын емес. Тәртіп сақшылары бұл жөнінде арнайы жиындар өткізгенін, ескертулер жасағанын, түрлі іс-шаралар атқарылғанын алға тартады. Тіпті, кейбір мал иелері тәртіпке бей-жай қарайтын көрінеді. Демек, бұл қоғам болып қолға алатын, көп болып іске асырылатын мәселе болып тұр.