Атырауда қар күрейтін күректердің бағасы аспандап тұр

Қардың мол жаууы салдарынан және сұраныстың артуынан дүкендердегі қар күрейтін саймандардың бағасы қымбаттап кеткен, деп хабарлайды AtyrauPress.

Атырауда  күн райының күрт өзгеруі салдарынан қар күрейтін күректер  жеке сектор тұрғындарына, автокөлік жүргізушілері мен коммуналдық қызметтер үшін аса қажет құралға айналды.  Сұраныстың көптігін пайдаланған саудагерлер күрек бағасын қымбаттатып жіберген. Күректердің түріне байланысты олардың бағасы да әртүрлі.  Яғни, оның қандай материалдан жасалғанына және  құрал-сайманның  көлеміне байланысты.

Мәселен, жергілікті базарларда күректің басы пластиктен, ал сабы ағаштан  жасалған болса, онда оның бағасы  - 3 мың теңгеден басталады. Ал темірден жасалғанына саудагерлер  4500-5000 теңге сұрап тұр. Сатушылардың айтуынша,  Атырауда қар күрейтін күрекке деген мұндай  сұраныс  бұрын-соңды  болмаған. Қар жауғанға дейін тазалық құралы небәрі  1000-1500 теңге төңірегінде саудаланған.  

"Күрек – маусымдық тауар әрі оған деген сұраныс  болмағандықтан, дүкенде жылдар бойы тұратын.  Қар мол түсіп, елдің бәрі ауласы мен көшесін тазалау үшін күрек іздеп кетті. Біз сол сәтті пайдаландық» деп сатушы ойын жасырмай айтты.