Бұл туралы Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Қандастар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен жергілікті билік өкілдерімен кездесіп, жеке сауалдарына жауап алды.
Жиынға облыс әкімдігінің басқарма өкілдері мен Полиция басқармасының көші-қон қызметі және «Оралман-Жайық» қоғамдық бірлестігінің төрайымы қатысты.
- Күн тәртібінде қандастардың ҚР азаматтығын алуы, тұрақты жұмыспен қамтылуы және өзге де жеке мәселелері қаралды. Сондай-ақ кәсіпкерлік бағыттағы жеңілдіктер мен бағадарламалардың шарттары түсіндірілді. Бұдан бөлек балаларының балабақшамен қамтылуы және мектеп жасындағы балалардың мектептегі жағдайы, тұрғын үймен қамтамасыз етілуі бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлері айтылды, - деді басқарма басшысының орныбасары Еркебұлан Әбілқасымов.
Басқарманың мәліметіне сүйенсек, биыл облысқа 128 этникалық қазақ отбасы көшіп келген. Оның басым көпшілігі Атырау қаласына қоныстанған. Олардың арасында жұмыссыздар есебінен тұрақты жұмысқа орналасқандар да бар. Ал өңірге бейімделгендердің ішінен 43 қандас тұрғын үй кезегіне тіркелген.