Атырауда Қ.Андашевті еске алуға арналған бокстан республикалық турнир басталды

Бүгін «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде 2005-2006 жылғы ұлдар және 2004-2005 жылғы қыздар арасында КСРО спорт шебері Қамбар Андашевті еске алуға арналған бокстан халықаралық турнирдің ашылуы өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Сайыста Кувейт, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан 100-ге жуық спортшы бақ сынайды. Турнирді облыстық бокс федерациясы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесіп ұйымдастырып отыр.
- Қамбар Андашев турнирі жылда республикалық деңгейде өткізіліп келсе, биыл халықаралық деңгейге көтерілді. Оған еліміздің ең мықты деген боксшылары қатысып жатыр. Үздік атанғандарды ұлттық құрама бапкері іріктейтін болады. Басты мақсат – жастардың шеберлігін шыңдау және шетел боксшыларымен тәжірбие алмасу, деді облыстық бокс федерациясының атқарушы директоры Батырхан Калыков.
Қамбар Андашев 1957 жылы Махамбет ауданында дүниеге келген. Ол Алматы мемлекеттік дене шынықтыру институтын 1979 жылы қызыл дипломмен бітіреді. Еңбек жолын Махамбет селосындағы балалар-жасөспiрiмдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып бастаған. 1980-2000 жылдар аралығында жаттықтырушы, мектеп директорының орынбасары қызметін атқарды. Ал 2000-2001 жылы аудандық туризм және спорт бөлімінің бастығы болып еңбек етті. Бокстан КСРО-ның спорт шебері.
Айта кетейік, аталған турнир өңірде 16-шы рет өткізіліп отыр.