Атырауда қамыс әлі бықсып жатыр

Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өрті әлі толық сөнген жоқ. Бүгін таңертең өртті тікұшақ көмегімен сөндіріп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының хабарлауынша,  22 қыркүйекте теңіз жағалауында қамыс өртінің бықсып жатқаны анықталған.

«Бүгін жергілікті уақытпен сағат 08:10-да Атырау қаласындағы әуежайдан Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өртін сөндіру мақсатында «ҚазАвиаҚұтқару» АҚ-ның МИ-8 ВСУ-5 тікұшағы ұшып шықты. Әуеден су шашатын құрылғысымен жабдықталған тікұшақ экипажының құрамында 5 адам бар. Тікұшақ бортындағы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 2 қызметкері қамыс өртінің аумағына әуеден бақылау жүргізеді. Тікұшаққа қажетті су өрт шарпыған аумаққа жақын маңдағы көлден алынады», - деп жазылған хабарламада.

Бұған қоса өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің 25 қызметкері 7 техникамен, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 20 қызметкер, 5 техника жіберілді.

Қазір теңіз жағалауындағы метеорологиялық жағдай мынадай: оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні – 6-7 метр/секунд, ауа температурасы +20 0 С шамасын көрсетіп тұр.

«Қамыс өртіне кеше, 21 қыркүйекте күндіз тікұшақтың су шашу құрылғысымен әуеден 33 мәрте су төгілді. Соның нәтижесінде қамыс өртінің бір ошағы, шамамен 400 шаршы метр аумақтағы жалын сөндірілді. Ал, кешке дейін әуеден 66 рет су шашылып, 3 гектардағы өрт жойылды», - деп мәлімдеді департаменттің қоғаммен байланыс тобы.