Мерекеге орай қаланы көріктендіру мен бірнеше шырша сатып алу үшін Атырау қаласының бюджетінен 31,3 млн теңге бөлініп отыр.
Қала әкімдігі баспасөз қызметінің берген мәліметі бойынша, бас шырша Исатай мен Махамбет орталық алаңына қойылады. Алаңға көрік беретін 12 метрлік жасыл шырша дайын тұр. Бұдан бөлек 9 метрлік тағы үш шырша «Нұрсая», «Привокзальный» («Арбат») және Д.Нұрпейісова атындағы музыкалық академия жанынан бой көтереді. Алайда әкімдіктегілер локация бойынша өзгерістер болуы мүмкін екенін ескертті.
«Биыл қала ескі әшекейлермен безендіріледі. Оның ішінде шағын архитектуралық пішіндер, жаңа жылдық жазулар мен облыс орталығының әр жерінде орнатылатын екі метрлік бес шырша бар», - деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
2019 жылы Жаңа жылды мерекелеуге 43 миллион 700 мың теңге бөлінді. Бұл қаражат концерттік бағдарламаларды ұйымдастыруға, MAФ түрлі-түсті конструкция дизайнын жасауға, жаңа жылдық шырша орнатуға және сахнаны безендіруге жұмсалды. Ал 2020 және 2021 жылдары Жаңа жылды тойлауға қаражат бөлінген жоқ.
Еске салайық, 2020 жылы Атырауға 9 метрлік шырша Махамбет атындағы қазақ академиялық драма театры алдына орнатылды. Шыршаны сатып алып, орнатуға бюджеттен ақша бөлінбеді. Бұл демеушілердің қалаға жасаған сыйы еді. Жаңа жылдық шыршаны орнату үшін өлшемі 4х4 метр, тереңдігі 1,5 метр болатын шұңқырын қазылды. Топырақты 50 литр қылқан жапырақты топырақпен, 500 кг қайыршақпен (ракуша), сондай-ақ биогумуспен және басқа да қажетті органикалық минералды тыңайтқыштармен құнарландырылған болатын. Ағаштың тамыр алып кетуі үшін шұңқырдың түбіне шамамен 0,5 метр дренаждық қабат жасалды. Яғни құм, қиыршық тас және топырақ қоспасы салынды. Алайда, драма театрының жанындағы шырша Атыраудың климатына шыдамай, қурап кетті.
Автор Д.КАНБЕТОВА.
Аударған Э.МЫҚТЫБАЕВА.