Атырауда психикалық денсаулықтың өзекті мәселелері туралы өңірлік ғылыми-практикалық конференциясы өтті

Атырау облысында «Қазақстан Республикасының Батыс өңірі тұрғындарының психикалық денсаулығын қорғауды және оңалтуды дамытудағы заманауи аспектілері» атты психикалық денсаулықтың өзекті мәселелері бойынша өңірлік ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Аталған конференцияға облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев пен С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің профессоры, ДДҰ-ның психикалық денсаулық жөніндегі елдік кеңсесінің кеңесшісі, профессор, жоғары санатты психиатр-нарколог-психотерапевт дәрігерлері мен облыстық Психикалық денсаулық орталығының психиатр-дәрігерлері қатысты. 

Жиында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев форумның маңызына тоқталды. 

- Бүгінде лудомания, нашақорлық, түрлі психикалық аурулар, шизофрения, суицид қоғам дертіне айналғаны анық. Осыған байланысты, бүгін Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының, еліміздің жоғарғы медициналық университеттерінің профессорлары, Психикалық орталықтардың басшылары және Батыс өңірінің мамандары арасында тәжірбие алмасу үшін конференция ұйымдастырылып отыр. Ол өз кезегінде тұрғындардың психикалық денсаулығын оңалтуда үлкен үлес қосады деп ойлаймын. Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою арқылы, мамандарымыз жаңа медициналық технологияларды оқытудың инновациялық әдістемелерін дамыту саласында тәжірибе алмасып, аурулардың алдын алып, диагностикалау, емдеу және оңалту саласында өз білімдерімен бөліседі деп жоспарлануда, - деді Қ.Абдалиев. 

Жиын соңында Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстық психикалық денсаулық орталығының директорлары Елдос Кдрсихов, Мади Токанов, Арман Калибеков және Серик Жанильсинов өзара ынтымақтастық туралы меморандумына қол қойды. Меморандум аясында медицина саласындағы инновациялық технологияларға оқытуда тәжірибе алмасу, ғылыми зерттеу бағытында мамандарды дамыту, бірлескен жұмыстарды жоспарлау, сараптамалық көмек көрсету жұмыстары жасалмақ.