Атырауда полиция қызметкеріне қарсылық танытқан көлік жүргізушісі қамауға алынды

17 қараша күні сағат 11:45 шамасында Атырау-Орал тасжолының 183 шақырымында DALMLERCHR SLER автокөлігінің жылдамдық асырғаны анықталған. Алайда аталған көлік жүргізушісі патрульдік полиция инспекторларының заңды талабына бағынбады. Мұнан соң полицейлер оны Индербор кентінде ұстады.

 

Көлік құралы тоқтатылған соң да жүргізуші көліктен түспестен қашып құтылмақ болып патрульдік полиция инспекторының оң аяғын басып кетіп, жол бойындағы бірнеше автокөлікке авариялық жағдай тудырып жүріп өткен. Заңды талапқа бағынбаған жүргізуші көлігінің дөңгелегіне екі мәрте және екі инспектор ескерту мақсатында аспанға екі реттен оқ атқан. Аталған көлік тас жол бойынан тоқтатылып, ұсталды.

1989 жылы туған жүргізушісі медициналық сараптамадан өткізіліп, мас еместігі анықталды. Ол өз жауабында көліктің өзінікі емес екендігін айтып ақталған. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 592-бабы 2 бөлігімен, 601-бабы 1 бөлігімен, 606-бабы 1 бөлігімен, 613-бабы 1 бөлігімен хаттама толтырылды.

Сондай-ақ, ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы 3 бөлігімен, яғни билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері бойынша қылмыстық іс тіркеліп, күдікті қамауға алынды.