«Интаго Қазақстан» ЖШС-і өңірде баламасы жоқ өндірісті іске қосты, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев пен кәсіпорын құрылтайшылары қатысты.
- Мемлекет басшысының инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында бұл жоба барлық кезеңдерде жан-жақты қолдауға ие болды. Зауыттың ашылуы ішкі нарықты отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді облыс әкімінің орынбасары М.Мурзиев.
Бұл ретте кәсіпорын директоры Азамат Асылбеков жобаны жүзеге асыруда көрсеткен көмегі мен белсенді қолдауы үшін облыс әкімдігіне және өз серіктестеріне алғысын білдірді. Оның айтуынша, компания заманауи технологиялардың көмегімен пластиктерді өңдеп, қалдықсыз өнім шығарады.
- Полиэфирлі геосинтетикалық материалды алу үшін бірінші пластикті үгітеді. Кейін, арнайы құрылғыға салып жұқа талшық алынады. Инелі қондырғының көмегімен алынған жұқа талшық бір-біріне желімделеді. Дайын материал суға төзімді, оны жол құрылысында, темір жолдарда, дренаждық жүйелерде және ғимарат құрылысының негізгі бөлігіне қолданады, - деді «Интаго Қазақстан» ЖШС-нің директоры А. Асылбеков.
Зауыт жылына 15 млн м² өнім өндіруге қауқарлы. Бұл бастама отандық өнімнің ішкі айналымдағы үлесін арттырып, импортты азайтады. Өнімге сұраныс жоғары. Қазірдің өзінде 3 млн м² -дің тауарына Ресей тарабымен экспорттық келісім шарт жасалған. Жалпы, компания шығарылатын өнімнің 40%-ын экспорттауды жоспарлап отыр. Қалғаны ішкі нарыққа жұмсалмақ.
Келесі жылы кәсіпорын қосымша 4 млрд теңге инвестиция тартып, тағы 3 жобаны жүзеге асырмақ.