7 желтоқсанда "Құлсары-Алтынкөл" теміржол учаскесінде (Мақат станциясы) жүк құрамының 4 вагоны рельстен шығып, кейін түйіршіктелген күкірт тасымалдаған екі вагон аударылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Оқиға орнына "ҚТЖ" АҚ (40 адам, 3 бірлік техника, 1 қалпына келтіру және 1 өрт пойызы), ауданның азаматтық қорғау қызметі, ТЖД бөлімшелері, полиция департаменті және көлік прокуратурасы жедел жолданды. Атырау облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Ұлттық сараптама орталығының зертханасымен бірлесіп радиациялық тексеріс жүргізілді, ауытқу анықталған жоқ. Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ, адам өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Атырау облысы бойынша экология департаментінің қызметкерлері оқиға орнында тексеру жүргізеді. Жүк иелеріне бұзушылықтарды, соның ішінде шашылған күкіртті жинауға нұсқама берілді. "ҚТЖ" АҚ ақпараты бойынша апат учаскесіндегі қозғалыс қалпына келтірілді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ