Атырауда «Пиротехника» іс-шарасы кезінде 13 заңбұзушылық анықталды

Атырау облысында жаңа жыл қарсаңында пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату мен пайдаланудың алдын алуға бағытталған «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Полиция мәліметінше, іс-шараның екінші кезеңі аясында қала аумағында ҚР ӘҚБтК-нің 196 және 436-баптары бойынша 13 құқықбұзушылық тіркеліп, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұған дейін, 5–12 желтоқсан аралығында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Айта кетейік, облыста жыл басынан бері 300-ге жуық өрт тіркелген, оның басым бөлігі тұрғын үй секторында болған. Осыған байланысты құтқарушылар мереке күндері пиротехникалық бұйымдарды қолдануда қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Қазіргі уақытта облыс аумағында пиротехниканы сатуға рұқсаты бар екі ғана мекеме бар.