Атырауда пәтерді жалға алу бағасы миллионға жетті

Мұнайлы өлкенің орталығындағы жалға берілетін пәтерлердің бағасы аспандап тұр, деп хабарлайды AtyrauPress.

Ресей федерациясындағы ішінара мобилизацияның салдары Қазақстанға әсерін тигізіп жатыр. Ресейліктердің жаппай шекара асып, соның ішінде біздің елімізге де қашып келуінің салдарынан пәтер бағасы тым қымбаттап кетті.

Мәселен, Krisha.kz жарнама беру алаңында баға 2-3 есе өскен. Тіпті Жайық өзенінің жағасында орналасқан көпқабатты үйдің үш бөлмелі пәтерін бір айға 1 миллион теңгеге бағалап отырғандар бар. Ал "құдайына қарағандар" бір миллионға өткізбесе де, 300 бен 600 мың теңгенің арасын ұстап тұр. Десек те,  2-3 бөлмелі пәтерлерге 800 мың теңге сұрап отырғандар да бар. 

Сенбі күні ресейліктердің қонақүйлерге кезекке тұруы, шарқ ұра жатын жер іздеуі де пәтер бағасына әсерін тигізді.

Ең сорақысы, осы дүрбелеңді пайдаланып, кейбір пәтер иелері біраз уақыттан бері тұрып келе жатқан жалға алушыларды мәжбүрлеп шығарып жатыр. Айтар уәжі - қазіргі жағдайды пайдаланып, несиеден құтылу. Соның салдарынан балалы отбасылар мен студенттер далада қалды.

Krisa. kz сайтын екі айдан бері зерделеп жатырмыз. Атырауда бағаның өсуі шілде айында басталды. Мысалы, екі бөлмелі орташа пәтерді ұзақ мерзімге 110-120 мың теңгенің арасында бағаланып келді. Тамызға қарай бірден 20-25 мың теңге қосылды. Көп ұзамай 150-160 мың теңге болды. Ал бұл жағдайдың уақытша екенін және пәтерінде сенімді адамдардың ұзақ тұрғанын қалайтындар осы аралықтағы бағадан ауытқып тұрған жоқ.

Өкінішке қарай, олардың арасында қазіргі ахуалды пайдаланып, тиыннан теңге жасағысы келетіндер көбірек. Хабарландыру берушілердің 90% пәтер иелерінің өздері. Агенттер ұсынған үйлер аздау. Қоңырау соғып сөйлескен кезде ешқайсысы да өздері айтқан бағадан бір теңге де түспейтінін алға тартты.

Пәтерді жалдау бағасының шарықтап кеткенін әлеуметтік желі пайдаланушылары да талқылап жатыр. Олар: "Дәніккеннен құныққан жаман", "Ұят қайда?! "," Бұлай баға көтеріле берсе, не істейміз?! ", "Пәтер иелерін кім бақылайды? " деген сыңайлы пікірлер айтып жатыр.

Жалақысы аз,  үйі жоқ - халық қайтіп күн көрер?