Атырауда пәтер бағасы қымбат

Елімізде қалалар ішінде Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау және Семейде үй қымбат тұрады, деп хабарлайды AtyrauPress kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Бүгінде Қазақстан бойынша жаңа пәтерлердің 1 шаршы метріне арналған орташа құны — 486 364 теңге.

Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау және Семейде үй қымбат тұрады.

Ал ең арзан пәтерлер — Жезқазғанда. Өйткені, онда тұрғын үйлер тек мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатыр.

Сонымен бірге Ақтөбе, Көкшетау, Орал мен Қызылорда шаһарларында баспана құны салыстырмалы түрде арзан. 

Ал екінші нарықтағы пәтерлердің бағасы жаңа үйдің құнынан әлдеқайда қымбат. Бұл тізімде тағы да Астана, Алматы, Шымкент қалалары көш бастап тұр.

Сондай-ақ, Қонаев, Талдықорған және Семей шаһарларынан пәтер сатып алуға ниеттілердің қалтасы қалың болғаны абзал.

Себебі аталған қалаларда әр шаршы метрдің орташа құны — 400-460 мың теңге аралығында.

Ал Тараз, Түркістан мен Көкшетауда екінші нарықтағы үйлердің бағасы өзге өңірлермен салыстырғанда біршама арзан. Онда 1 шаршы метрге арналған орташа баға 290 мың теңгенің маңайында. 

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сай, жалпы нарықта жаңа пәтерлердің бағасында төмендеу немесе қымбаттау байқалған жоқ.

Дегенмен екінші нарықтағы баспана құны 1,8 пайызға арзандаған.