Жайық өзенінің жағалауында өткен іс-шараны Достық үйі ұйымдастырды. Оған өзге этностың өкілдері қатысып, домбырамен күй тартты. Қазақтың халық әндері мен қазақша композиторларының шығармаларын шырқады.
Қазақтың ұлттық аспабы – домбыраны өздігінен үйренгендердің қатарында ағайынды Вязниковцевтер бар. Осы әулеттің қызы Фаина қазақша әндерді нақышына келтіре орындайды. Ол өзен жағасындағы іс-шарада «Құрбым-ай» әнін шырқады. Ал, оның інісі Михаил Вязниковцев домбырамен «Той бастар» мен «Адай» күйін орындады.
Атырауда қазақтың өнерін құрметтеп, ұдайы насихаттаушының қатарында Олег Атанасов «Орыс Адай» дыбыс жазу студиясын ашқан. Өзі домбырамен ән шырқайды. Ұлын да қазақ өнеріне баулып келеді. «Қазақ әндері жүрек қылын шертердей әсерге бөлейді. Ал, қос шекті домбыраның әуезді үнін ешбір аспаптан ести алмайсың. Сол себептен, бала күнімнен домбыраның үнін естігім тұратын еді. Кейін домбыра тартуды үйрендім. Домбыра тартсам, шабытым оянады. Қазақша ән салғым келіп тұрады. Қазір қазақ әндерін домбырамен орындай аламын», -дейді Олег Атанасов.
Домбыра тартуды жетік меңгерген орыс жігіті қазақ халқының әні «Еркем-ай» мен Естайдың әні «Құсни Қорланды» тамылжыта орындап берді. «Шілденің бірінші жексенбісінде ұлттық домбыра күні аталып өтеді. Осыған орай бұл іс-шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – тұрғындарға керемет көңіл-күй сыйлау ғана емес, баршаның назарын қазақтың ұлттық аспабы – домбыраға, осы аспапты тартуға аудару», -дейді іс-шараны ұйымдастырушылар. Іс-шараны тамашалаушылар домбыра туралы викториналық сұрақтарға жауап берді.