Биыл 5 айдың ішінде облыс аумағындағы көтерме және бөлшек сауда нысандарынан 56 ойыншық сатып алынып, физикалық-химиялық және таңбалануы бойынша зертханалық тексеру жасалды, деп хабарлайды ATPress.kz.
Зертханалық тексерудің нәтижесінде алынған сынамалардың 38-нен таңбалану бойынша сәйкессіздіктер анықталды. Нақтырақ айтқанда, өнімдердің мемлекеттік тілде заттаңбасының болмауы, өнімнің атауы, өндірушінің атауы мен мекен жайы, шығарылған күні, сақталу уақыттары және жарамдылық мерзімдері дұрыс көрсетілмеген.
Атырау облысының санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаменті техникалық регламенттер, таңбалану талаптарының сақталуын қадағалау бөлімінің басшысы Фариза Хайрошова ойыншықтарды кез келген дүкендерден кездейсоқ сатып алуға болмайтынын айтты.
- Мұндай жерлерде олар өнімге сапа сертификатын бере алмайды. Ойыншықтарды сатып алу кезінде бұл назар аударатын басты себеп. Өйткені сапасыз өнімдер денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Алайда, сапасыз тауарлардың басқа да алаңдатарлық белгілері бар. Мәселен, қорғасын қосылған бояумен боялған ойыншықтың кішкентай дозасы өлімге әкеп соғуы мүмкін. Қорғасын анемияның дамуына, иммунитеттің төмендеуіне, метаболизмнің бұзылуына, өсудің баяулауына ықпал етуі мүмкін, орталық жүйке жүйесінің қайтымсыз зақымдалуына, ақыл-ойдың дамуының тоқтауына себеп болады. Кейбір ойыншықтарда мүңкіген иіс болуы мүмкін. Міндетті түрде жас бойынша ұсынымдарға назар аударыңыз. Өйткені ұсақ бөлшектер үш жасқа дейінгі балалар үшін қауіпті, - дейді Ф.Хайрошова.
Сонымен қатар, кішкентай балаларға магниттен жасалған ойыншықтар өте қауіпті. Оны абайсызда жұтып қойған баланың асқазан-ішек жолы бір-біріне тартыла бастайды. Соның салдарынан ішкі органдар зақымдалады.
Ойыншықтардағы батареялар да аса қауіпті. Оны жұтқан баланың ішектері тотығып, ас қорыту органдарының нәзік шырышты қабығын күйдіреді. Сонымен қатар, қан кетіп, улануы мүмкін.
Осы айтылған ескертулерді негізге алып, ойыншықтарды сатып алмас бұрын өнімнің таңбалануына және берілген ұсынымдарына жауапкершілікпен қараған абзал.