Атырауда ұрлықтың 15 дерегіне қатысы бар күдікті құрықталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау қалалық Полиция басқармасының жедел уәкілдері ұрлықтың 15 дерегіне қатысы бар 25 жастағы ер адамды құрықтады. Күдікті қала аумағындағы әртүрлі тұрғын үйлердің дәлізінен 7 велосипед ұрлаған. Бұдан басқа ер адам спорт кешендері, мейрамхана, тіпті мешіт ішіне еркін кіріп, 8 телефонды қолды еткен. Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, өз кінәсін мойындады.
– Маңғыстау облысының 25 жастағы тұрғынына қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ оның облыс аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Айғақ заттар иелеріне қайтарылды, – дейді Атырау қаласы Полиция басқармасы №1 қалалық полиция бөлімінің жедел уәкілі Ербол Сигуатов.
Фото: ашық дереккөз