Атырауда отбасында ойран салған 34 адам әкімшілік қамауға алынды

Атырауда отбасында жанжал шығарған 34 адам әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды AtyrauPress облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайту мақсатында 1 шілдеден бастап елімізде зорлық-зомбылыққа қатысты заң қатаңдады. Мәселен, полиция қызметкерлері жәбірленушінің арызынсыз істі тіркей алады. Қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы материалдардың жартысы ерлі-зайыптылардың татуласуына байланысты сотта тоқтатылады. Сондықтан, енді жанұялық жанжал кезінде екі тараптың татуласуы үшін бір ғана мүмкіндік беріледі.

Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы, 461-бабы, 669-бабы шеңберінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік қамауға алу мерзімдері айқындалып, қайталанған құқық бұзушылықтар бойынша 25 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу мерзімі ұзартылды.

"Жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша “102” арнасына 4097 хабарлама келіп түскен. ҚР ӘҚБтК-нің 73- бабы (Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) бойынша 1198 тұлға жауапкершілікке тартылса, қорғау нұсқамасы 1365 құқық бұзушыға шығарылды. Ал 334 тұлғаға ерекше талап қойылып, ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабы, яғни қорғау нұсқамасын бұзған 96 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта отбасы-тұрмыстық қарым-қатынас саласында құқық бұзған 34 тұлға қабылдау-тарату орнына орналыстырылды", - делінген хабарламада.


Мира НҰРТАЕВА