Атырауда отандық өнімдерді сатып алудан бас тартқан мекеме анықталды

Облыстық ішкі аудит департаментінің мамандары перинаталдық орталықтан сатып алу заңының бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Аталған департамент басшысының орынбасары Рүстем Түсіпбергеннің айтуынша, елімізде отандық тауарды өндірумен қатар оны қолдау мәселесі де басты назарда. Әсіресе, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуды ұйымдастыру және өткізу кезінде тапсырыс берушілер алдымен «Қазақстанда жасалған» өнімдерге басымдық беруі тиіс. Алайда, оған құлақ аспайтындар да бар екен.

Белгілі болғандай, өнім жеткізуші болып табылатын «ДиАКиТ» пен «RuMaFarm» ЖШС-і облыстық перинаталдық орталықта заңнама талаптарының бұзылғандығына шағымданған. 

«Біздің департаменті мамандары қос серіктестіктің өтініштері негізінде аудиторлық іс-шара жүргізіп, нәтижесінде жалпы сомасы 1 710 000 теңгенің рәсімдік сипаттағы бұзушылығын анықтады. Заңға сәйкес, егер лот бойынша сатып алуға отандық тауар өндіруші өтінім берсе, ол бірден жеңімпаз деп танылуы тиіс. Ал, басқа әлеуетті өнім берушілердің тапсырыс берушілері автоматты түрде қабылданбайды. Бірақ, перинаталдық орталық отандық тауар өндіруші бола тұра «RuMaFarm» ЖШС-нің өтінімін өткізбей, «A-Медика» жеке кәсіпкерлік иесі мен «Медфармимпорт» ЖШС-ін жеңімпаз деп танылған» дейді Р.Түсіпберген.

Аудит қортындысымен кәсіпорынға анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама берілді. Сомасы 234 000 теңгеге медициналық бұйымдарды сатып алуға жасақталған екіжақты келісімшарт бұзылды. Осылайша, облыстық перинаталдық орталықта аталған сомаға қайтадан сатып алу жарияланды. Кәсіпорын директорының бұйрығымен бір  лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: www.istockphoto.com