Атырауда өртенген пәтерден әйел құтқарылды

Бүгін, 13 шілде күні сағат 13:32-де Атырау қаласының Махамбет Өтемісұлы көшесінде орналасқан бес қабатты үйлердің бірі өртенді, деп хабарлайды AtyrauPress Атырау облысы ТЖ Қоғаммен байланыс тобына сілтеме жасап.

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер бесінші  қабаттағы пәтерлердің біріндегі асхана бөлмесінде тұрмыстық заттар жанып жатқанын анықтады.

Өрт сөндірушілер  автосатының көмегімен бесінші қабаттың балконынан  1952 жылы туған пәтер иесін құтқарды.

Апаттар медицинасы орталығы қызметкерлері құтқарылған пәтер иесіне алғашқы медициналық көмек көрсетті.

Өрт асханадан шығып,тұрмыстық заттар жанып кеткен. Жедел іс-әрекет етудің нәтижесінде  санаулы минуттарда өрт сөндіріліп, оның басқа бөлмелер мен пәтерлерге таралуына жол берілмеді.

Қазір өрттің шығу себептері анықталуда, зардап шеккендер жоқ.

Өртті сөндіруге Атырау облысы ТЖД-нің 6 қызметкері мен 2 бірлік техникасы жұмылдырылды.

Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарын өрт қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА