Атырауда өрт шыққан үйден тұрғындар құтқарылды, арасында сәбилер де бар

Бүгін, 16 шілде күні сағат 17:28-де  Атырау қаласы, «Вокзал маңы» шағынауданында  орналасқан бес қабатты үйлердің бірінен өрт шығып, тұрғындар құтқарылды, деп хабарлайды AtyrauPress.

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер үшінші қабаттағы пәтерлердің бірінде балконның жанып жатқанын анықтады.

«Өрт кезінде баспалдақ арқылы 38 тұрғын (21 ересек, 17 бала) өз күштерімен эвакуацияланған. Сонымен қатар дәліз бойын қою қара түтін басуына байланысты өрт сөндірушілер автосатының көмегімен 3 ересек пен 3 нәрестені, 2-ші және 4-ші қабаттың тұрғындарын  құтқарды. Апаттар медицинасы орталығы қызметкерлері құтқарылған тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсетті», - деп хабарлады Атырау облысы ТЖД қоғаммен байланыс тобы.

Тілсіз жау салдарынан пәтердің балконында орналасқан  тұрмыстық заттар жанған. Өрт сөндірушілердің жедел іс-әрекетінің нәтижесінде санаулы минуттарда өшіріліп, оның басқа бөлмелер мен өзге пәтерлерге таралуына жол берілмеді.

Қазір өрттің шығу себептері анықталуда, абырой болғанда зардап шеккендер жоқ.

Отты сөндіруге Атырау облысы ТЖД-нің  10 қызметкері мен 3 бірлік техникасы жұмылдырылды.

Осы ретте, төтеншеліктер облыс тұрғындары мен қонақтарын өрт қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

 Эльмира МЫҚТЫБАЕВА