Бұл туралы «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Биылғы Рамазан айы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәлімдеуі бойынша 11 наурыз күні басталады. Ал, сәуірдің 5-нен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. Қасиетті Рамазан айы биыл отыз күнге созылып, 9 сәуір күні бітеді және ораза айт 10 сәуір күні өтеді.
- Сондай-ақ биыл әрбір жан иесі шамасы келген адамға қасиетті Рамазан айы келісімен Алла жолында сауап алу мақсатында жоқ-жітіктерге, шын мұқтаж жандарға садақа береді. Бұл пітір садақа қазіргі таңдағы нарықтағы 2 кг ұнның бағасымен есептеледі. Осы жылы пітір садақа құны 640 теңгені құрайды. Жалпы Рамазан айы – мектеп болса, оның ұстазы – ораза. Бұл айда 30 күн оразасын ұстап, тек жақсылық жасаумен өтеміз. Рамазан айын жоғары деңгейде өткізу үшін облыстағы мешіттер де үлкен дайындық үстінде, - деді А.Ұтысханұлы.
Оның айтуынша, облыстағы мешіттердің кішкентай болуына және асханалардың болмауы мен күннің суықтығына байланысты биыл мешіт жанынан киіз үйлер тігілмейді. Алайда орталық мешіттің ішінде ауызашар беремін деуші жандардың көмегімен 200-300 адамға дейін күнделікті ауызашар берілетін болады. Ал басқа мешіттерде 100-150 адамға арнап мешіт ішінде ауызашарлар ұйымдастыратын болады.
Сонымен қатар Атырау облысы Дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қаһарман Мусаев Рамазан айында тұрғындар тарапынан болатын заңбұзушылықтар туралы айтып өтті.
- Рамазан айы кезінде кейбір ресторан немесе кафелер тарапынан ораза ұстаушы жандарға арнайы ауызашарлар беріліп жатады. Онымен қоса сол жандардың намаз оқуына ыңғайлы болуы мақсатында шағын намазхана бөлмелерін ашады. Бұл әрекет дұрыс. Алайда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 7-1 тармағына сәйкес намазхана бөлмелерін ашу туралы Дін істері басқармасына хабарлама жіберу керек. Ресторан иесінің тарапынан ондай хабарлама жіберілмей, құзырлы органдар анықтаған жағдайда ӘҚБТК-нің 490-бабына сәйкес заңсыз деп танылып, айыппұл төлеуге алып келуі мүмкін. Осындай келеңсіз жағдайға тап болмас үшін қазірден бастап, орталық мешітпен ақылдасып, Дін істері басқармасына хат жолдаса, біз қарсы болмаймыз, - деді Қ.Мусаев.