Атырауда оқушылардың электронды темекі тұтыну фактісі бойынша тексеру жүргізіледі

Кеше Атырауда оқушылардың электронды темекі шеккені видеоға түсіп, тез тарап кеткен еді.

Әлеуметтік желілерде және WhatsApp мессенджерлері арқылы электронды темекі тұтынған жасөспірімдердің бейнежазбалары тарaды. Осыған байланысты білім басқармасының өкілдері, учаскелік және ювеналды полиция инспекторлары Атырау қаласының №16 мектеп-лицейінің оқушыларымен кездесті. Оқушылар мен олардың заңды өкілдерінің (ата-аналарының) қатысуымен профилактикалық жұмыстар жүргізілді.

Бейнеге жазылған факті бойынша ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК 441-бабының 1-бөлігі бойынша хаттама жасақталып, 45 945 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Жасөспірімдердің мектептен тыс мінез-құлқының алдын алу және бақылауды күшейту мақсатында қаланың оқу орындарында кешенді шаралар қабылданды. Оның ішінде кезектен тыс ата-аналар жиналысын өткізу.

Мұғалімдер мен ата-аналардың кездесулерінде оқушылар тарапынан құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ ата-аналардың балаларын тәрбиелеудегі жауапкершілігі туралы мәселелер көтеріледі.

Сонымен қатар, мектептерге жақын орналасқан дүкендерде мониторинг жүргізетін комиссиялар өз жұмысын бастады. Мониторинг барысында комиссия мүшелері дүкен иелеріне 21 жасқа толмаған жасөспірімдерге темекі өнімдерін сатуға жол бермеу туралы түсінік жұмыстарын жүргізеді. Бұл бірлескен жұмысты білім басқармасы, өңірлік кәсіпкерлер палатасы және жергілікті полиция қызметі учаскелік инспекторларының өкілдері жүргізеді.