Атырауда онкологиямен ауыратындар артқан...

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

«2023 жылдың қорытындысымен өңірде онкологиямен аурушаңдық 9 пайызға өсіп отыр. Бірінші орында сүт безі, одан кейін өкпе, тоқ ішек обыры және жатыр мойны қатерлік ісігі тұр. Бірақ, аталған аурудан болған өлім-жітім 2,2 пайызға төмендеп отыр. Биыл қыркүйектен бастап жатыр мойны қатерлі ісігіне қарсы вакцинация жүргізілетін болады. Мұндай екпені 2013-2015 жылдары пилоттық режимде 11 жастағы 2600 атыраулық алған болатын. Оларды тексеру барысында ешқандай вирус анықталмады. Демек, екпе оң нәтиже беріп отыр деген сөз. Бұл әлемдік тәжірибеде де бар. Атап айтқанда, осы вакцина 107 мемлекетте енгізілген. Олардың қатарында Өзбекстан, Қырғызстан, Армения, Молдова секілді ТМД елдері де бар. Ендеше, біз де бұл тәжірибені кеңінен қолданатын боламыз» деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.

Жалпы, аурудың артуына тұрғындардың өз денсаулығына немқұрайлы қарауы да себеп болуда.

«Жасыратыны жоқ, науқас әйелдердің өздері аурудың алдын алу мақсатында дер кезінде тексерілмегендерін айтып жатады. Көбісі тек бала босанған уақытта ғана перзентханаға барып қатерлі ісікке шалдыққанын білген. Ал, ауру кеш анықталған жағдайда оны емдеу де көптеген қиындықтар келтіреді. Сондықтан алдағы 21-27 қаңтар аралығында еліміз бойынша, соның ішінде, біздің онкодеспансерде және жергілікті емханаларда «ашық есік» күні өтетінін қаперге бергім келеді. Апталықтың мақсаты – тұрғындарды жатыр мойны қатерлігі ісігінің алдын алуға шақыру. Тексеріс тегін және ешқандай жолдамасыз өтеді. Көп жағдайда әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына тіркелмеген тұрғындар скринингтен өте алмай жатады. Ал, «ашық есік» күндері ондай талап қойылмайды. Ендеше, Атырау тұрғындары мен қонақтары мүмкіндікті мүлт жібермесе екен» дейді облыстық онкология диспансерінің директоры Эльмира Сапарова.

Айта кетейік, бүгінде облыстық  онкодеспансерде 5 мыңнан астам адам тіркеуде тұр. Былтыр, яғни, 2023 жылы 1139 адам жаңадан есепке алынған. Оның 616-сы әйел, қалғаны ер азаматтар. Соның ішінде, жатыр мойны қатерлі ісігі бойынша 590 әйел есепте тұр. Оның 74-і алғаш есепке алынған. Соның жартысында ауру брінші сатыда анықталған. Бұл – қуантарлық жағдай.

Өкінішке орай, қатерлі ісіктен 352 адам көз жұмған. Оның 21-і – жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдыққандар.  

«Қатерлі ісік бастапқы кезде көп белгі бере қоймайды. Сондықтан алғашқы сатыда анықтау қиын. Бірақ, қоғамда он жыл бойы дәрігерге қаралмайтын әйелдер де бар. Дұрысында олар жыл сайын тексерістен өтуі керек. Егер ауру ерте анықталса, емдеу оңайға соғады» деп толықтырды Эльмира Карифуллақызы.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ