Атырауда оқу орталығы 145 адамды сан соқтырды: басты күдікті қамауда

Бұл іске қатысты басты күдікті қамауда. Бүгінде қолжазба және фоноскопиялық сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысы алынған соң іс сотқа жіберіледі, деп хабарлайды AtyrauPress.

Атырауда "МегаМозг" оқу орталығы бір жыл бұрын балаларға қосымша білім беру үшін ақша жинап алып, өз міндеттемелерін орындамады. Осы алаяқтық фактісі туралы ата-аналар облыс әкіміне айтып берді. Олар жиналған қаражатты қайтаруды және орталық иелеріне қатысты әділ, ашық тергеуді талап етіп отыр.

"Біз барлық келісім-шарттарға алдын ала қол қойдық: оқу орталығының мамандары оқу ақысын бір жыл ішінде төлеген кезде акция бойынша жалпы құны әлдеқайда төмен болады деп  сендірді. Жиналып алған қаражат көлемі үлкен. Арамызда бұл үшін несие алғандар да бар. Біз сіздермен кездесу үшін барлық жұмысымызды тастап келдік. Алдағы уақытта  басқа ата-аналармен мұндай жағдай қайталанбасын деп әдейі келдік. Қандай да бір оқу орнын ашқан кезде облыстық білім басқармасы оны алдын ала тексеруден өткізуі қажет деп санаймыз", - деді қала тұрғыны Әсия Ізтілеуова.

Атырау қаласының прокуроры Руслан Әйтімов өз кезегінде істің сараптамаға жіберілгенін, бас күдікті қазіргі уақытта қамауда отырғанын хабарлады.

"Жәбірленушілердің барлық мәлімдемелері қабылданып, тергеу аяқталды. Одан 145 адам зардап шекті. Басты күдікті қамауға алынды. Бүгін қолжазба және фоноскопиялық сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысы алынған соң іс сотқа жіберіліп, 4  күдікті азаматқа қатысты шешім қабылданады", – деді Р.Әйтімов.

Облыс әкімі Серік Шәпкенов бұл мәселені жан-жақты зерделеу қажеттігін атап өтті және осы жағдайды қалалық прокуратураның бақылауына алуды тапсырды.

"Азаматтық істер жаппай алаяқтық әрекеттерге қатысы бар-жоғын анықтаңыз. Қажет болған жағдайда арнайы айдар ашу немесе жергілікті телеарналарда алаяқтық тақырыбында бейнероликтер көрсету қажет. Мұндай істерге қатысы бар адамдар тиісті жаза алуы тиіс", - деді С.Шәпкенов.