Атырауда оқушылар жүргізушілерге ой салар хат жазды
Атырау қаласы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері "Қауіпсіз жол жүрісі" апталығы кезінде «Жүргізушіге хат» тақырыбында мектеп оқушыларымен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Шарада жасөспірімдер жылдамдықты асырып, жол белгілеріне назар аудармайтын жүргізушілерге тілектерін жеткізді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Мектеп жасындағы балалардың хаттары көлік жүргізушілеріне тікелей бағытталды. Жасөспірімдер өз хаттары арқылы қарсы бетке шығып немесе мас күйде көлік жүргізетін, жол апаттарына себепші болатын жүргізушілерге ой салатын сөздер жазды. Жол апаттарын болдырмау мен алдын алу бағытында өз ұсыныс-пікірлерін жеткізген.
«Қымбатты жүргізуші ағай, қоғамдық көліктің қызметін күнделікті пайдаланамыз: онымен жұмысқа барамыз, үйге қайтамыз. Көлікті абайлап жүргізсеңіз, барлығымыз аман боламыз, апаттардан сақ болу- өз қолдарыңызда! Сапарыңыз сәтті болғай» делінген хаттардың бірінде.
Атырау қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Ерсін Қожахметовтың айтуынша, жол ережелерін қатаң бұзуға жол берген жүргізушілерге осы хаттар ой салуы мүмкін.
«Көлік тізгіндеген азаматтарды жазалап, айыппұлдар салынып жатса да, оған себепшілер саны азаяр емес. Сондықтан да ақ қағаз арқылы жүргізушіге талап-тілегін жеткізген оқушылардың пікірі арқылы заң бұзушылықтардың алдын алмақпыз. Акция барысында оқушылар жазған материалдар әрбір көлік тізгіндеген жүргізушіге көрсетілді. Бұл хаттар жол апаттарының орын алмауына ұйытқы болады деп сенеміз»,- дейді Ерсін Қожахметов Атырау қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары.