Атырауда облыстық Жайдарман ойындарының Премьер лига финалдық сайысы өтті

Халық шығармашылық орталығында облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен республикалық «Қазақстан КВН» одағының Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Әдемі» маусымының үздіктері арасында Премьер лига финалдық сайысы өтті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Облыстық «Атырау КВН» филиалының директоры Ернар Сакупов іс-шара мақсатына тоқталып өтті.

- Ойын облысымыздағы жас таланттарды шыңдап, сахна мәдениетіне үйрету, бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында ұйымдастырылды. Бұл - жастармен жұмыс жасап, олардың интелектуалды дамуына бірден бір үлес қосатын құрал десек те болады. Жалпы Жайдарман ойындары өңірде 2009 жылдан бері дәстүрлі түрде, жыл сайын, үздіксіз өткізіліп келе жатыр. Биыл фестивальге облыс бойынша 50-ге жуық команда келді. Соның ішінде 15 команда жоғарғы лигаға жолдама алған болатын. Ал жиырмасы премьер лигаға өтіп, оның алтауы финалда бақ сынады. Бұл сайыстан жеңімпаз атанған команда облыстық жоғарғы лигада, республикалық лигаларда ойнауға мүмкіндік алады, - деді Е.Сакупов.

Финалда жыл бойы кезекті сайыстардың іріктеуінен өткен 6 команда бақ сынады. Шарт бойынша қатысушылар «Сәлемдесу» және «Жұлдызбен көрініс» сынды екі кезеңде өнер көрсетті.

Премьер лиганы қорытындылай келе, жүлделі I орын мен 250 мың теңге қаржылай сыйақыны 9,8 ұпаймен Қызылқоға ауданы Миялы ауылының командасы «Бес саусақ» иеленді. Исатай ауданы Х.Ерғалиев ауылынан келген «Әжесінің балалары» құрамасы 9,6 ұпаймен II орынды иемденіп, 150 мың теңгені еншіледі. Ал 9,4 ұпаймен III орын мен 100 мың теңгені Атырау қаласы №28 мектептен қатысушы «Q-елі» командасы қанжығалады. Жеңімпаздарға арнайы кубоктар мен медальдер табысталды.

Сондай-ақ сайысқа қатысқан С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінің «Баймуханов 45», Құрманғазы ауданы Жасталап ауылынан келген «Богатыйлар» мен Исатай ауданы Тұщықұдық ауылының «Чапаевтың қыздары» құрамалары «финалист» номинациясымен марапатталды.