Атырау қаласында нөсер жауыннан кейінгі тазалау жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.⠀
Қазір тазалық жұмыстарына «Арнаулыавтобаза» мекемесінен 100-ге жуық жұмысшы мен 4 арнайы техника жұмылдырылған. Мамандар қаланың бірқатар маңызды аумақтарында жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, Жеңіс саябағы, жағалау маңы, Ретро парк, Исатай-Махамбет алаңы, сондай-ақ орындықтар, ескерткіштер мен ойын-сауық алаңдары тазартылуда.
⠀
Оң жағалау тазалық жұмыстарының басшысы Күләндә Әжіғалиеваның айтуынша, нөсер жауын салдарынан тазалау жұмыстары күрделене түскен.
⠀
— Соған қарамастан, жұмысшылар таңертеңнен кешке дейін тынымсыз еңбек етіп, қаланы қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізуде. Жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады, — деді ол.
⠀
Сондай-ақ нөсерден кейін жиналған суды шығару жұмыстары да жүргізілді. Бұл мақсатта «Арнаулыавтобаза» мекемесінен 5, «Сервис» БМ тарапынан 6 және жеке сектордан 22 вакуум техникасы жұмылдырылды. Нәтижесінде қала көшелерінен жалпы көлемі 2950 текше метр жаңбыр суы сыртқа шығарылды.