Атырауда №2 мектептен шу шықты: тарақандар не істеп жүр?

Әлеуметтік желіде Ж.Нәжімеденов атындағы 2 мектепте сынып бөлмелерінің бірінде тарақандар жүргені бейнеленген фотосуреттер тарады, деп хабарлайды АtyrauРress тілшісі

Ата-аналар оқу орнының санитарлық жағдайына алаңдаушылық білдіріп, шара қолдануды сұрауда. Жарияланған суреттерден тарақандардың партада немесе шкафта тұрғанын көруге болады. Бұл жағдай ата-аналардың наразылығын тудырды. Олар енді санитарлық жұмыстарды жүргізуді талап етіп отыр.

Өз кезегінде мектеп әкімшілігі бұл оқиғаға түсініктеме беріп, 7 ақпанда оқу орнында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілгенін хабарлады. Олардың айтуынша, мұндай іс-шаралар уақытылы жүзеге асырылып тұрады екен. Ал, жауапты тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылданған. Сондай-ақ, алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын алу үшін нақты тапсырмалар берілді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ