Атырауда нешінші сынып оқушыларының тегін тамақтанатыны белгілі болды

Атырау облысы бойынша 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақтандыру ұйымдастырылуда.

Ел бойынша 8 облыста жергілікті мәслихаттардың шешіміне сәйкес, 1-4 сыныптардағы 723,3 мың оқушыны тегін тамақпен қамтамасыз ету көзделген.

Ол аймақтардың ішінде Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Ұлытау облыстары бар.

Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

"Биыл мектепке 3,6 миллион оқушы барады. Олардың үштен біріне тегін тамақ үлестіріледі.

Жаңа оқу жылында 1-11 сынып оқушыларының 30 пайызын, яғни 1 миллионға тарта оқушыны, соның ішінде әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 422,1 мың оқушыны 100 пайызға ыстық тағаммен қамтамасыз ету жоспарланған", - деді спикер.

"Сонымен бірге  Ақмола мен Маңғыстау облыстарында бірінші сыныптың балалары тегін тамақтанады", - деп атап өтті вице - министр Ғани  Бейсембаев.

Дегенмен, Атырауда балаларды тамақтандыруда санитарлық талаптарды, ара қашықтықты  сақтауда қиындықтар болуы мүмкін. Себебі, Атырау облыстық білім басқармасы басшысының  міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенова үш ауысымды мектептер мәселесі әлі күнге дейін шешілмей отырғанын айтқан еді.

" Жылдан жылға Атырау қаласы аумағы мен демографияның өсуіне байланысты, балабақша мен мектепке баратын балалардың саны артып отыр" деген болатын Айнагүл Дүйсекенова.

 

Фото: ашық дереккөздерден