Атырау қаласында ауа райының күрт нашарлап, жауын-шашынның мол түсуіне байланысты қаланың кейбір аумақтарында жаңбыр суы жиналып, сондай-ақ электр энергиясының уақытша ажырауы анықталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Қазір коммуналдық және авариялық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. ӨКҚ мәліметінше, су сору және арналарды тазалау жұмыстарына «Арнаулы автобаза» ЖШС-нің 10-ға жуық арнайы техникасы жұмылдырылған.
Сонымен қатар электр желілеріндегі ақауларды жоюға «Атырау Жарық» ЖШС-нің 10 авариялық бригадасы тартылды.
Қолайсыз ауа райының салдарын жою және электр энергиясын қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Соңғы мәліметтерге сәйкес, қаланың бірқатар шағын ауданында электр жарығы қайта берілді, ал қалған аумақта мамандар қызметін жалғастыруда.
Су жиналғаны және электр қуатынан ажырағаны туралы ақпараттарды 109 бірыңғай байланыс нөміріне хабарлау сұралады.
"Атырау қаласында нөсер салдарынан көшелер мен арықтарда жиналған жаңбыр суларын тазарту жұмыстары тәулік бойы үздіксіз жүргізіледі. Коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс атқаруда. Тұрғындардан келіп түсетін өтінімдер жедел қаралуда. Мәселеге қатысты өтініштерді 109 бірыңғай байланыс орталығы арқылы немесе қалалық әкімдіктің ресми әлеуметтік желі парақшаларына жолдауға болады" делінген қалалық әкімдік хабарламасында.
Аман ШАМАР