Атырауда найзағай түскен екі қабатты үй түгі қалмай жанып кетті

Атырауда тұрғын үйге найзағай түсіп, толықтай өртеніп кетті. Кеше кешкісін қалада күн райы күрт бұзылып, бұршақ аралас жаңбыр жауып, найзағай ойнап, күн күркіреген.

Атыраудың шетіндегі ықшамауданда екі қабатты тұрғын үйдің шатырына жай оты түскен. Қызыл жалын лезде лаулап, өрт сөндірушілер бір сағатта әрең сөндірген.

Табиғаттың тосын мінезінен жалпы көлемі 225 шаршы метрді құрайтын жаңа салынып жатқан тұрғын үй түгел жанып кетті. Абырой болғанда, адамдар дін аман.

"Өрт найзағайдың салдарынан шықты деп болжап отырмыз. Қазір Атырау басқармасының абөлімі анықтап жатыр. Нақтыланғаннан кейін ақпарат береміз", - деп хабарлады Атырау облысы ТЖД басқармасы.