Мұнайлы өлкеде 1000-нан астам еріктілер бар. Олардың барлығы қайырымдылық іс-шараларға қатысып, қарттарға, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға қол ұшын созады, сондай-ақ жоғалған адамдарды іздеуге көмектеседі, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау облысының Азаматтық орталығы түрлі волонтерлік ұйымдармен, жастар ресурстық орталықтарымен, қала және ауылдағы волонтерлер клубтарымен тығыз жұмыс істейді. Соңғы мәліметтер бойынша, өңірде 60 ұйым волонтерлікпен айналысып жүр. Олардың ішінде бірнеше жылдан бері жүзеге асып келе жатқан тұрақты жобалар бар.
Атырау облысында «28 ілмек» клубы көпке танымал. Бүгінде елімізде 2 мыңнан астам адам салмағы 500 грамнан 2 килограмға дейін туылған сәбилерге бас киім, шұлық, кеудеше тоқиды. Олар тоқып әкелген дайын өнімдерін перзентханаларға апарып береді. Бұл клубта әлеуметтік жағдайы, жасы әрқилы адамдар тоғысқан. Дәл осындай «28 ілмек» секілді клубтар Әзербайжанда, Ресейде және Балтық елдерінде де бар екен.
Ал атыраулық ерікті Арман Қасымовты бүкіл ел біледі. Мұнай-газ компаниясының қаржыгері бос уақытын жедел жәрдем дәрігерлеріне көмектесуге жұмсайды. Басында ол ауруханаларда санитар болып жұмыс істеді, автокөлік жуды. 12 жыл ерікті бола отырып, ол науқастарға жүрек-өкпе реанимациясын, кардиограмма жасауды үйренді. Арман басқалар үшін үлгі бола білді. Медициналық еріктілік аясында волонтерлер хоспистер мен онкологиялық орталықтарда да жұмыс істей бастады.
Жақында Атырау облысының Азаматтық орталығы еріктілер ұйымдарын қолдау мақсатында «Demeý» байқауын ұйымдастырды. 5 жобаның қорытындысы бойынша үздік деп танылғандарға 500 000 теңгеден берілді.
Жеңімпаздар арасында Әсия Құлжанованың жоғалған адамдарды іздестіру жобасы бар. Еріктілер күн, түн ждемей жоғалған адамдарды іздейді. Олардың суреттерін іліп, сұрастыру жұмыстарын жүргізеді.
Ерікті Арман Арапбеков Атырау мектептерінің аулаларына жеміс ағаштарын отырғызумен айналысады. «Өмірге құштар» жобасының бастамашылары ерекше балалар мен аз қамтылған отбасылардың балаларына үйірмелерге тегін баруға көмектеседі. «Аса қажет» жобасы бойынша еріктілер Исатай ауданындағы мектептердің бірін ұсақ моториканы дамытуға арналған құралдармен қамтамасыз етеді. «Ер жүректілер» ұйымының еріктілері «Үйден бір қадам» жобасы аясында Махамбет ауданындағы Сарайшық қалашығында бір күндік тур ұйымдастырады.
Атырауда 50 жастан асқан адамдар арасында «Күміс волонтерлікті дамыту» волонтерлігі де табысты дамуда. Жобаның басты мақсаты - аға буын өкілдері арасында бастамашыл топтар құру, өз өңірлеріндегі әлеуметтік мәселелерді шешуге жәрдемдесу, қайырымдылық, экологиялық іс-шараларды ұйымдастыру, ұрпақтар сабақтастығын арттыру. Сонымен қатар, аға буын өкілдерінің өзін-өзі дамытуына, белсенді өмір сүруіне ықпал ету, салауатты өмір салты үшін қолайлы жағдайлар жасау.
– Біз еріктілер қатарында аға буын өкілдерін көбірек көргіміз келеді. Мұнда жас шектеулері жоқ. Жоба аяқталса да қарт кісілер белсенді өмір сүруін жалғастырып келеді. Осы жоба арқылы жаңа достар тапты. Ол аз десеңіз, біздің жобаға келіп, бір-бірін ұнатып үйленгендер де болды, - деді «Азаматтық орталық» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Жанат Досқалиева.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жыл Қазақстанда еріктілер жылы болып жарияланды. 5 желтоқсан бүкіл әлемде еріктілер күнін атап өтеді.
Мира Нұртаева