Атыраулық полицейлер мұз ойылып, суға түсіп кеткен ер адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
5 қаңтар күні Атырау қаласы Жайық өзенінің үстінде белгісіз 2 ер азамат сәтте мұз ойылып, суға түсіп кеткен. Бұл оқиғаны байқаған тұрғындар дереу полиция қызметкерлері мен құтқару қызметін көмекке шақырған. Оқиға орнына дереу жеткен Атырау облысы ПД Балық қорына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің инспекторлары полиция капитаны Жеткіншек Иманғалиев және полиция аға сержанты Айбат Джаубаев суға бату қаупі төнген бір адамды жіппен тартып ұстап қалған.
Полицейлердің айтуынша, мұз жұқарып тұрғандықтан ойық жерге жақындау қауіпті болғанын айтады. Сондықтан, оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері келіп арнайы техникалық жабдықтармен құтқарғанша күтеміз деп шешім қабылдаған. Полиция қызметкерлері мұз астынан алып шыққан ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Қазіргі таңда атыраулық полицейлер құтқару қызметімен бірлесіп, суға батып кеткен екінші адамды іздестіру жұмыстарын жүргізуде.
Айта кетейік, ауа-райының қолайсыздығына байланысты Атырау қаласының Жайық өзені мұз беттері мен күртік қардың астында,жағалауларда, жарқабақтар мен жылғалардың құйылысы жұқарып, еруіне байланысты адам өміріне қауіптілігін тудыруда.
Осының алдын алу мақсатында 4 қаңтар күні Атырау қаласы Жайық жағалауы мұз үстінде яғни,балық аулап жүрген ер азаматтар мен жасөспірімдерге Патрульдік полиция қызметкерлері ауа-райының күрт жылынуына байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізіп,мұзда жүру адам өміріне аса қауіптілігі туралы ескерту жүргізуде.
Осы ретте тұрғындар мен ата-аналар назарына Балаларды мұз айдынына қараусыз жібермеулеріңіз сондай-ақ, өзен және көлдерде мұздың еру кезінде жүрмеулеріңіз сұралады.