Атырау қаласының 382 жылдығына орай Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында мұнайшылар өмірі туралы кітап көрмесі жасақталған, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Көрмеге 200-ден астам мұнайшылар туралы кітап қойылған. Солардың бірі - «Қазақ мұнайының ардақтылары» атты өмірбаян сериясы. Бұл кітап Қазақстан Республикасының экономикасының кіндігі болып, бар саласына нәр беріп, әлемдегі мұнайлы елдердің қатарына қосылуына ерен еңбек сіңірген мұнайшы-ардагерлерімізге, олардың тәуелсіз еліміздің тарихында сақталатын өшпес есімдеріне арналған.
- Бұл көрме осыдан екі жыл бұрын жасақталған. Күз айында мұнайышылар күніне орай келушілер саны артады. Негізгі мақсат – мұнайлы өлкеміздің тарихымен, мұнай саласының дамуы және мұнайшылар өмірімен өскелең ұрпақты кеңінен таныстыру. Көрме жыл он екі ай өз көрермендерін күтеді, - деді Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының бөлім меңгерушісі Бибігүл Ерғалиева.
Айта кетейік, кітапханада мұнай саласына қатысты 300-ден аса кітап сақталған. Соңғы жылдары қара алтын тақырыбында ізденушілер саны артқан.