Атырауда мұнай өнімдерін өндіру және жөнелту мәселелері талқыланды

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мирзағалиев бірқатар жүйелі шараларды қабылдау арқылы ішкі нарықта маусымдық битум тапшылығын болдырмауға болатынын атап өтті.

Мағзұм Мирзағалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

"Мемлекет басшысы кеше Қазақстан халқына Жолдауында жол құрылысы маусымында ішкі нарықта битум тапшылығына қатысты әділ сын айтты. Біз әріптестерімізбен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бұл мәселені шешу үшін түбегейлі әрекет етуіміз керек».

 Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Атыраудағы «Caspi Bitum» Ақтау битум зауыты басшылығының қатысуымен өткен кеңесте атап өтілгендей, Қазақстанда битумға деген сұраныс әлі де маусымдық күйінде қалып отыр және жаз мезгілінде жол құрылысы қарқын алған кезде өседі. Осыған байланысты Мирзағалиев ҚМГ-ның жауапты құрылымдық бөлімшелеріне уәкілетті мемлекеттік органдармен жол құрылысы ұйымдарын мемлекеттен жыл бойы қаржыландыру (аванстық төлемдер) мүмкіндігін талқылауды тапсырды. Бұл жол құрылысы маусымының басталуына қарай ішкі нарықта битумның қажетті қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Caspi Bitum зауыты өкілдерінің айтуынша, жоғары сапалы битум өндірісін 1,5 есеге арттырып, жылына 750 мың тоннаға дейін өндіруге мүмкіндік бар. Кәсіпорында алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді, мамандар жобалауға кірісіп кетті.

Еске сала кетейік, «ҚазМұнайГаз» битум өндіретін зауыттардың максималды қуаты жылына 800-850 мың тоннаны құрайды. Оның 500 мың тоннаға жуығын Caspi Bitum өндіреді. Бұл зауыттың ерекшелігі - кез келген климаттық жағдайда және ұзақ уақыт бойы жұмыс істеуге және сақтауға болатын үлкен қапшықтарда оралған битум шығару мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ жиында Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылығы кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеп жатқанын және  қазіргі таңда өндірістік көрсеткіштердің орындалып жатқанын жеткізді. Осы  жылдың қорытындысы бойынша зауыттағы өңдеу көлемі 5 млн тонна мұнайдан асады. Жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында бұрын қыркүйекке жоспарланған Атырау мұнай өңдеу зауытын жөндеуді кейінге қалдыру мүмкіндіктері ойластырылуда. Осыған байланысты М.Мирзағалиев Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылығына жанар-жағармай нарығындағы қалыптасқан жағдайды ескере отырып, зауытты жөндеуді кейінге қалдыру бойынша дайындық шараларын қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Дереккөз kaz.tengrinews.kz

Аударған Эльмира МЫҚТЫБАЕВА.